Алматының Достық даңғылы мен Жолдасбеков көшесінің қиылысында қозғалыс сызбасы өзгертілді. Бұл өзгеріс әзірге пилоттық режимде енгізілген, деп хабарлайды Алматы әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алматы қаласының Көлік қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар транспорты басқармасы әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп, бағдаршам нысанының жұмысын қайта реттеген.
"Пилоттық жоба аясында жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға және көлік құралдарының өткізу қабілетін жақсартуға мүмкіндік беретін қосымша фаза енгізілді.
Өзгеріс қаланың жүктемесі жоғары қиылыстарының бірінде қозғалысты оңтайландыру және жол апатын азайту мақсатында жүзеге асырылды", — делінген хабарламада.
Қалалық басқарма жол қозғалысына қатысушы барлық адамды жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жүргіншілер мен жүргізушілерге арналған бағдаршам белгілеріне назар аударуға шақырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз