Алматыда суық су және канализация қызметтерін пайдаланатын тұтынушылар үшін жаңа акция іске қосылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Акцияның атауы – "Қарызды өтесең – өсімақыны кешіреміз".
"Алматы су" кәсіпорны 2025 жылғы 18 қарашада хабарлағандай, акция суық су мен канализация қызметтерін кешіктіріп төлегендіктен қарыз жинақтаған жеке тұлғаларға (пәтер және жеке үй иелеріне) қатысты.
"Акцияға қатысу үшін желтоқсан айының соңына дейін барлық қарызды толық өтеу, сондай-ақ төлем түбіртегінің (кассалық чек) көшірмесін қоса тіркеп, "Алматы су" МКК тұтынушыларға қызмет көрсету орталықтарының біріне жазбаша өтінішпен жүгіну қажет", – делінген хабарламада.
Өсімақы тек қарыз толық өтелген жағдайда ғана кешіріледі.
Егер орталыққа бару мүмкіндігі болмаса, құжаттарды электронды поштаға жіберуге болады: Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс..
"Қарыз туралы мәлімет немесе есептеулер бойынша кеңесті 3-777-444 нөмірі арқылы алуға болады. Ескертеміз, қарыз уақытында өтелмеген жағдайда қызмет көрсетуден ажыратылып, қарыз сомалары сот арқылы өндіріліп, мүлікке және банк шоттарына тыйым салынады", – деп ескертті "Алматы су".
Бұған дейін елімізде қандастарға қандай қолдаулар қарастырылғанын жазғанбыз.