Гонконг тұмауы еліміздің солтүстік өңіріне де жетті. Қызылжар аймағында бұл індет он адамнан табылды, дертті жұқтырғандардың дені балалар, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
"Облысымызда бүгінде тұмауды жұқтырудың он жағдайы тіркелді. Жеті жағдай – 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Үш жағдай – ересектер арасында. Сонымен қатар тұмауға қатысы жоқ түрлері тіркелді. Реновирустар – алты жағдай, аденовирустар – екі жағдай", — дейді СҚО санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің бас маманы Гүлида Жәкеева.
Солтүстік Қазақстан облысындағы балабақшалар мен мектептерде санитарлық талап күшейтілді. Балаларды таң атпай тексеріп, одан соң ғана ғимаратқа кіргізеді. Ыстығы көтеріліп, түшкіріп, жөтелгендерін бірден үйіне қайтарып жатыр.
Ал қашықтан оқыту жоспары қарастырылмады. Бір сыныптағы оқушының отыз пайызы вирус жұқтырса ғана онлайн оқиды.
Гонконг тұмауының бір ерекшелігі — ыстық қырық градустан түспей, өкпені қабындырады. Ақтөбеде де эпидахуал қиын. Мұндағы инфекциялық ауруханада бос орын жоқ. Жедел жәрдемге хабарласатын адам саны көбейген. Бұрын тәулігіне 800-900 шақырту түссе, қазір бұл көрсеткіш екі есе көбейді, дейді мамандар. Шақыртулардың дені тұмау мен жедел респираторлы вирусты инфекцияға байланысты. Әсіресе жедел жәрдемге балалардың қызуын түсіре алмай көптеп хабарласады екен.
"Шақырту көбейіп кетті, көбіне жедел респираторлық ауруға байланысты. Күніне 1500-ден 1800-ге дейін шақырту түседі. Соның 1300-1400-іне қызмет көрсетеміз. Көбінің шағымы — температураның көтерілуі", — дейді Ақтөбе облысы жедел жәрдем бекетінің аға дәрігері Шара Жарылғасова.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Еске салсақ, Алматыда ЖРВИ және тұмаумен ауырғандар көбейіп, ауруханалар күшейтілген режимге көшкені хабарланған болатын.
Сондай-ақ ШҚО-да "гонконг тұмауын" жұқтыру жағдайлары анықталды.
Сонымен қатар Гонконг тұмауы Абай облысы мен Алматыға да жетті. Екі өңірді қосқанда, жалпы саны 32 науқас вирустың осы түрін жұқтырған.
Сол арада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздегі тұмауға байланысты студенттердің онлайн оқуға көшірілу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз