Қазіргі таңда балаларды "Зерделі", "Пифагор" және "JUZ40" орталықтары қабылдауға дайын екенін растады.

"Tesla Education" оқыту орталығы басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Оған ата-аналардың ұжымдық арызы себеп болған. Өйткені, оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау мақсатында ата-аналардан ақша алған орталық жабылып қалды.

Қазір соған орай ақшасын төлеп қойған балалардың енді қайда баратыны өзекті болып отыр.

Бұл мәселе Respublica партиясының бастамасымен өткен жиында да қаралды. Алматыдағы партия филиалының ұйымдастыруымен Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков "Пифагор", "JUZ40", "Самға", "Достық", "Зерделі" және басқа да танымал орталықтармен онлайн-кездесу өткізді. Кездесуде көтерілген негізгі мәселелер – Tesla Education төңірегіндегі жағдайдан зардап шеккен үш мыңнан астам оқушы мен ата-ананы қалай қорғауға болатыны және мұндай оқиғалардың алдын алу жолдары.

"Білім орталықтары ортақ шешімге келе алды. Шығынға ұшыраған отбасылардың балаларын өзара бөліп, ҰБТ-ға және басқа да пәндер бойынша тегін дайындауды мойнына алды. "Зерделі", "Пифагор" және "JUZ40" орталықтары дайын екенін растады. Бар талап – ата-ананың төлем жасағанын дәлелдейтін түбіртек", делінген партияның хабарламасында.

Сонымен қатар, мәселенің жүйелі проблемалары бар екені де айтылды. Алты ай, бір жыл бұрын оқу үшін алдын ала төлем алу білім беру орталығының ата-аналар қаражатын қайтара алмауына алып келген негізгі себеп болған.

"Қазір жекеменшік білім беру саласында нақты ереже жоқ. Регуляция жоқ, стандарт жоқ, ата-ананы қорғайтын тетік жоқ. Сондықтан Tesla Education жағдайы — қайталануы мүмкін жағдай. Саланы екі жол күтіп тұр: лицензиялау немесе өзін-өзі реттеу. Орталықтар ата-ананы да, өз беделін де қорғау үшін өзін-өзі реттеуге дайын. Біздің міндет – ұсыныстарды жинап, тиісті органдарға жеткізу", – деді Мәжіліс депутаты Олжас Құпеков.


Оқи отырыңыз:

Скандал вокруг Tesla Education: полиция завела уголовное дело, руководство центра составляет график выплат