Оған Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 300-ге жуық жас боксшы қатысып жатыр.

Алматы облысының Қарасай ауданында бокстан еңбек ардагері Амангелді Бектасовты еске алуға арналған бірінші республикалық ашық турнир басталды.

Оған Қазақстанның барлық өңірлерінен және Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 2010-2011 жылы туған жас спортшылар қатысып жатыр. Боксшылардың жалы саны 300-ге жуық.

Жарыстың ұйымдастырушысы Жеңіс Бектасов бұл жарыстың басты мақсаты – жас боксшыларға жігер беріп, болашақ әлем және Олимпиада чемпиондарына жол ашу екенін атап өтті.

"Әкеміз Амангелді Бектасов бокспен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанды. Ол Қарасай ауданында бокстан спорт шеберлігіне үміткер дәрежесін орындаған тұңғыш адам. Өмірін еңбекке, бала тәрбиесіне арнаған әкеміз қазақ боксының қара нарларымен бірге жүрді. Серік Әбденәлиев, Валерий Рачков сынды әйгілі спортшылар біздің үйімізде жиі қонақ болатын. Әкеміз алты баласын да спортқа баулыды. Бәріміз әлі күнге дейін дене жаттығуын ұмытқан емеспіз. Өмірден қайтар шағында ол кісі қазақ боксының дамуына үлес қосуды аманат етті. Міне, соның сәті енді түсіп жатыр. Жас боксшыларға қолдау көрсетіп, үлкен жарыстарға жол ашу мақсатында осы турнирді ұйымдастырдық. Кім біледі, болашақ Олимпиада чемпиондары осы спортшылардың арасында жүрген шығар", – деді Жеңіс Бектасов.

Жарыстың құрметті қонақтары қатарында Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, ММА шебері Арман Оспанов, кәсіби боксшы Садриддин Ахметов және басқалар бар.

"Бокс қазақ халқы үшін әрдайым нөмірі бірінші спорт түрі болып қала бермек. Осы орайда, жас боксшыларды ынталандыратын кереметтей турнирдің куәсі болып отырғанымызға қуаныштымын. Мұндай бәсекелер жастарға жол ашып қана қоймай, шеберлігін шыңдап, техникасын жетілдіруге көмектеседі. Біз әлемдегі мықты бокс державаларының біріміз. Сондықтан, біздегі резерв азаймау керек, қазақ жұдырығының құдыреті асқақтай беруі тиіс", – деді Ермахан Ыбырайымов.

Турнирді ұйымдастырушылар жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне естелік мүсіншелер, чемпиондық белбеулер мен ақшалай жүлделер тағайындаған. Жарыс жеңімпаздары жексенбі – 23 желтоқсанда анықталады.


Оқи отырыңыз:

  • Қазақстандық жас боксшы WBC Amateur Turksoy турнирі чемпионының белбеуін тақты
  • Тоқаев бокстан әлем чемпионатында жеңіске жеткен спортшыларды құттықтады