Қазақстанда "Киберқадағалау" мониторинг жүйесінің арқасында балалар үшін зиянды және заңға қайшы ақпаратты қамтитын 38 мыңнан астам интернет-ресурс анықталып, бұғатталған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, елімізде балалардың цифрлық ортада белсенді болуы және жасөспірімдердің виртуалды кеңістікке терең бойлауы мамандар мен ата-аналардан жаңа дағдыларды талап етеді. Онлайн кеңістікте баланы қорғаудың алғашқы әрі маңызды буыны – отбасы.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, ата-ана тарапынан бақылауды күшейту өте маңызды.

"Бала қандай сайттарды қарайтынын, кіммен онлайн байланыс жасайтынын қадағалау қажет. Сондай-ақ құрылғыларда ата-ана бақылауы функцияларын қосып қойған жөн. Бұл қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, баланы зиянды контенттен қорғауға мүмкіндік береді", — дейді ол.

Қазақстанда балаларды зиянды ақпараттан қорғау жүйесі "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" Қазақстан Республикасының заңының талаптарына негізделген. Аталған заң мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін, сонымен қатар қауіпті контентке мониторинг жүргізу, талдау және бұғаттау тетіктерін айқындайды.

2022 жылы заңнамаға "буллинг" және "кибербуллинг" ұғымдары енгізілген, ал 2024 жылдан бастап жәбірлеу үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша 339 әкімшілік іс тіркеліп, олардың 198-і буллинг фактілері бойынша жауапкершілікке тартылған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз