Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі 1 желтоқсаннан бастап, мереке қарсаңында ауқымды профилактикалық акциялар іске қосылатынын хабарлады. Олар қауіпсіздік деңгейін көтеруге бағытталған, деп Өртке қарсы қызмет комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомство ақпаратына сәйкес, жаңа жыл қарсаңында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзекті болып тұр.

"Сауда-ойын-сауық орталықтарына, базарларға, дүкендерге, балалардың ойын-сауық алаңдарына, мәдениет үйлеріне келушілер санының өсуі, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды жиі пайдалана отырып, жаппай мерекелер өткізу өрттер мен басқа да оқиғалардың туындау ықтималдығын арттырады", — делінген ресми хабарламада.

Осыған байланысты 1 желтоқсаннан бастап ТЖМ мен ІІМ қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған үш ірі акция басталады: "Газбаллон", "Қауіпсіз Жаңа жыл" және "Пиротехника".

  • "Газбаллон" акциясы газбаллон жабдығын пайдаланумен байланысты бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Акция аясында автожолдар мен паркингтерде рейдтер жүргізу, үй басқарушы ұйымдардың басшыларымен және тұрғын алаптардың тұрғындарымен кездесулер ұйымдастыру, газ құю станцияларының қызметкерлерімен профилактикалық әңгімелер өткізу көзделген.
  • "Қауіпсіз Жаңа жыл" акциясының іс-шаралары жаппай жаңа жылдық мерекелерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Эвакуациялық шығуларды, өрт дабылы жүйелерін тексеруді және өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтауды, сондай-ақ кәсіпкерлермен және мерекелік кештерді ұйымдастырушылармен кездесулерді қоса алғанда, жаппай жаңа жылдық іс-шаралар өткізілетін орындарда профилактикалық жұмыс жүргізілетін болады.
  • "Пиротехника" акциясы пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде өрт пен жарақаттанудың алдын алуға бағытталған. Пиротехниканы сақтау және өткізу орындары бойынша бірлескен рейдтер жоспарланған.

"Азаматтарды өрт және қоғамдық қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз", — делінген ТЖМ хабарламасында.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз