24 қарашада Алматы-Бішкек тасжолындағы алты адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апаты болды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатын алған тағы бес жолаушы ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Алматы облыстық ПД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Оқиға орнынан жантүршігерлік кадрлар әлеуметтік желіде жарияланды.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты Алматы – Бішкек автожолының 65-шақырымында болған.

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Алдын ала мәліметтер бойынша, 23 жастағы Audi автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай Toyota көлігімен соқтығысқан.

Салдарынан екі жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмған. Бір жолаушы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер көрсеткен көмекке қарамастан, медициналық мекемеде қайтыс болған.

Бұдан бөлек, тағы бес жолаушы түрлі дене жарақатын алған, олар дәрігерлердің бақылауында.

"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз