Ирландия астанасы Дублинде өткен XIII Silk Road International Film фестивалінде отандық актёр, киносценарист Ерлан Төлеутай «Үздік актёр» номинациясын жеңіп алды. Бұл туралы Kazakhcinema сүйіншіледі, деп жазады Egemen.kz.
Актёр бұл марапатқа режиссёр Елзат Ескендір түсірген «Әбіл» атты толықметражды көркем фильмдегі басты рөлі үшін лайық деп танылды.
Айта кетейік, қараша айының басында Парижде өткен «Франциядағы қазақ киноларының фестивалінде» де қазылар алқасы дәл осы рөлі үшін Ерлан Төлеутайға «Үздік актёр» сыйлығын табыстаған.
«Әбіл» туындысы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.
«Жібек жолы» халықаралық кинофестивалі жыл сайын өтетін мәдени шара саналады. Биыл ол он үшінші рет ұйымдастырылып, әлемнің әр елінен режиссёрлер, продюсерлер және көрермендер қатысты. Фестиваль бағдарламасы Дублиндегі Тринити колледжінде және тарихи United Arts Club сахнасында өтті.