Алматыда көбіне жабық тұратын көше дәретханаларына қатысты жанжал сотқа дейін жетті. Сот қала әкімдігінің пайдасына шешім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

2021 жылы Алматы қаласы Туризм басқармасы мен "Soft Engineering" ЖШС арасында "қалалық дизайн-кодқа сәйкес 20 дәретхана модулін дайындап, орнату" туралы мемлекеттік сатып алу шарты жасалған. Шарттың жалпы сомасы – 159 599 080,16 теңге. Мердігер жұмысты орындап, тапсырыс беруші қабылдаған.

Алайда бұл қоғамдық санитарлық тораптарды инженерлік желілерге қосу мәселесіне байланысты ұзақ уақыт бойы пайдалануға беру мүмкін болмады. 2022 жылдың жазында әкімдік бұл 20 дәретхананы сенімгерлік басқаруға беру жоспарланғанын хабарлаған. Тамыз айында олар басқаруға берілгенімен, жағдай өзгерген жоқ. Ал 2023 жылдың 17 сәуірінде 20 санитарлық-гигиеналық торап аудан әкімдері аппараттарының балансына өтті.

Сот қаулысына сәйкес: "Аталған санитарлық-гигиеналық тораптар туралы жарияланған теріс материалдар олардың қанағаттанарлықсыз күйде екенін, көпшілігінің істемейтінін көрсетеді. Бірнеше жыл бойы олар мақсатты түрде қолданылмаған. 2024 жылғы 4 мамырдағы №3 аудиттік есепте орнатылған модульдердің техникалық ерекшелік талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды."

Алматы қаласы Сот сараптамалары институтының мамандары дәретхананың бірін тексеріп, оның шатыр, еден, қабырға материалдары, автоматтандырылған есік жүйесі, төлем жүйесі сияқты көптеген көрсеткіш бойынша техникалық спецификация талаптарына сай келмейтінін анықтады. Кабиналық жабдықтар да талаптарға сәйкес болмаған.

2024 жылдың шілдесінде Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Туризм басқармасына анықталған заңбұзушылықтарды жоюды тапсырған. Бюджетке өтеуге тиіс жалпы сома – 158 822 000 теңге, оның ішінде 15 959 900 теңге – рәсімдік бұзушылықтар. Ал 17 қыркүйектегі қосымша нұсқама бюджетке 142 862 080 теңге қайтаруды міндеттеді.

Туризм басқармасы "Soft Engineering" ЖШС үстінен сотқа шағым түсіріп, жұмыстың тиісті деңгейде орындалмағанын көрсетіп, 142 862 080 теңге өндіруді талап етті. Алайда 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешіммен бұл талап алғашқы инстанцияда қанағаттандырылмады.

Басқарма апелляциялық шағым берді. Материалдарды зерттеген сот алқасы мердігер келісімшарт талаптарын орындамай, маңызды жобаны іске асыруды күрделендіріп, тұрғындардан шағым түсуіне себеп болғанын анықтады.

"Қажетті инфрақұрылым элементтері орнатылмаған. Келісімшарт талаптарының орындалмағаны дәлелденді. Бірінші инстанция сотының қорытындылары іс материалдарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты сот алқасы талапкердің уәждерін негізді деп тапты",- делінген сот ақпаратында.

Сот алқасы алғашқы сот шешімін күшін жойды және Алматы қаласы Туризм басқармасының талабын қанағаттандырып, "Soft Engineering" ЖШС-нен 142 862 080 теңге өндіріп алу туралы қаулы қабылдады.

Қаулы заңды күшіне енді.