Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш көрсететіндерге қарсы жаза күшейеді, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Бүгін мәжіліс депутаттары Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Бұл құжатты денсаулық сақтау қызметкерлеріне физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездік көрсеткені үшін жазаны күшейту туралы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес депутаттар әзірлеген.
Заң жобасы аясында Қылмыстық кодекске медицина мамандарына немесе жедел жәрдем жүргізушілеріне қызмет міндетін орындау кезінде күш көрсеткені, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік жүктейтін жаңа бап енгізіледі.
Заңға сәйкес медицина қызметкерлеріне күш көрсеткендер үшін мынадай жауапкершілік көзделген:
- Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін немесе күш қолданбақ болғаны үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту;
- 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру;
- Ауыр әрекет жасалса, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру;
- Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданылса 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- Ауыр жағдайда жасалған болса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылады.
Сонымен қатар жоба аясында Қылмыстық-процестік кодексте ішкі істер органдарының осы санаттағы істер бойынша алдын ала тергеу және анықтау жүргізу құзыреті белгіленеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз