Ақтөбеде жекеменшік қос мектептің 700-ден аса мұғалімі төрт айдан бері жалақы ала алмай жүр, деп хабарлайды Zakon.kz.

КТК-ның жазуынша, бір құрылтайшының меншігіндегі қос мектепте 9 мыңнан аса оқушы білім алады. Соларға сабақ беретін 741 мұғалім тамыз айынан бері айлық алмаған. Компанияның екі айдағы жалақыдан қарызы бір жарым миллиард теңгеден асыпты. Мектеп басшылығы мәселеге жаңа жүйедегі ақау себеп болды деп ақталады. Еңбек инспекторлары оларға айыппұл салып кеткен.

"Нақтыланғаннан кейін платформада істелген жұмыс актісі, фактура шоты қалыптасады. Содан кейін қаржыландыру жүргізіледі. Жергілікті бюджеттен жыл аяғына дейін 4 миллиард қарастырылып отыр". Ақкенже Тындыбаева, Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары

Бұл ретте, әр балаға қазынадан жылына 570 мың теңге бөлінгені белгілі болды. Енді ол қаржы көктемнен бастап жергілікті бюджеттен бөлінетін болыпты. Білім басқармасындағылар қазір "Білім класс" және "Е қазына" платформаларын сәйкестеп жатқанын айтады. Сол реттелген бойда жалақы дауы шешіледі деп сендірді.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қостанайда мектеп оқушысы бомба туралы жалған ақпарат таратып, шұғыл қызметтерді дүрбелеңге салған.