Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев сенат кулуарында Түркістан облысы Алғабас ауылында болған өрттен зардап шеккен үш адамның жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Тимур Сұлтанғазиевтың мәліметінше, екі ересек адамның жағдайы тұрақты.
"Зардап шеккен барлық адам Шымкентке ауыстырылды, оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Балаға келсек, жағдайы өте ауыр. Алматыдан арнайы мамандар қосылды. Олар тұрақты түрде консультация беріп жатыр, жағдайды бағалап, емдеу шараларына түзетулер енгізді. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында", — деп жауап берді вице-министр.
Естеріңізге сала кетейік, 18 қарашада таңертең Түркістан облысы Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 12 адам көз жұмды. Олардың тоғызы – бала.
Зардап шеккен тағы үш адам – екі ересек және бір бала ауруханаға жеткізілді.
Қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, үкімет пен облыс әкіміне тапсырма берді.
Полиция өрт фактісі бойынша "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғады, сондай-ақ өрттің себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.
Кейінірек өрттің шығуына не себеп болуы мүмкін екені айтылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз