112 елдімекен ғана жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған.

Сенатор Сәкен Арубаев өзінің депутаттық сауалында Абай облысының дамуын тежейтін жүйелі мәселелер туралы айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат цифрлық және әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйіне ерекше назар аударды.

"Абай облысындағы 326 елді мекеннің тек 112-сі 4G жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылса, 87 елді мекен 3G/2G деңгейінде қалған, ал 233 елді мекенде мүлде интернет жоқ. Облыстағы 598 мың халықтың 63% қалада тұрады. Бұл үрдіс ел бойынша ауыл халқының азаю тенденциясын көрсетеді. Соңғы үш жылда республика көлемінде 116 ауыл қысқарып кеткен", – деді Сәкен Арубаев.

Ол аймақтың ауылшаруашылығында зор әлеует бар екенін, бірақ қаржыландыру тапшылығы мен инфрақұрылымдық шектеулерге тап болып отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ өңірдің жайылымдық ірі ресурстар мен мал басының көптігіне орай қой шаруашылығын дамыту орталығына айналуға қабілетті екенін жеткізді.

"Облыстағы 95 су шаруашылығы нысанының 28-і қанағаттанарлықсыз, ал 1-і апаттық жағдайда тұр. Су шаруашылығы мәселесі тек аграрлық саланың ғана емес, елдің экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ететін стратегиялық фактор екенін ескерген жөн", – деп атап өтті сенатор.