Жолаушылар Анталияға еш қиындықсыз жете алады .
Павлодар қаласындағы әуежайда бүгінде кең ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Содан соң мұнда ішкі рейстермен қатар, халықаралық бағыттарға ұшу мүмкіндігі қарастырылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Облыс орталығындағы әуежай 1 сәуір күні жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Дәл сол күннен бастап мұнда жөндеу ісі басталды. Атап айтқанда, ұшу-қону жолағы кеңейтіліп, жермен жүру жолы мен перрон қайта қалпына келтіріліп, жарық-сигналдық құралдар, периметрді жарықтандыру, бейнебақылау жүйесі ауыстырылады. Әрине, бүгінде мұндай жұмыстар жолаушыларға қолайсыздық тудырып отыр. Себебі бұған дейін облыс тұрғындары Астана мен Алматы қаласына еш қиындықсыз қатынап жүрсе, енді жыл соңына дейін басқа амалдарды қарастыруға мәжбүр. Кейбіріне бұрынғыдай 1 сағат 40 минутта Алматыға ұшақпен жетудің орнына шамамен 28 сағат пойызбен баруына тура келеді. Бұдан басқа жол жоқ.
Ал жоғарыда аталған жұмыстар биыл атқарылмаса, келесі жылы әуежайға ұшу жарамдылығы бойынша сертификат берілмеуі мүмкін еді. Мұндай жағдайда мүлдем ешқандай рейстер қабылданып, ұшпайды. Сондықтан осы жылы әуежайды уақытша жабу туралы шешім қабылданды. Есесіне келесі жылдан бастап көпшілік ірі қалаларға еш қиындықсыз қатынай алады. Тіпті, Павлодардан тікелей Түркияға ұшатын мүмкіндік қарастырылмақ. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев өңірге жұмыс сапары барысында айтты.
"Тиісті жұмыстар аяқталған соң Астана, Алматы және Түркияның Анталия қаласына рейстер қарастырылып отыр. Басқа да қосымша халықаралық бағыттарды ашу бойынша мәселе қаралуда", — деді ведомство басшысы.
Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Мұнда 32 техника мен 75 жұмысшы тартылған. Олар екі ауысымда жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Марат Қарабаев Ертіс арқылы өтетін апаттық жағдайдағы көпірдің орнына салынып жатқан жаңа көпірдің құрылыс барысын байқады. Мұндағы алты тірек бағанының төртеуі салынды. Мердігер маусым айында бетондауға кіріспек. Құрылыс алаңында 220 маман мен 61 арнайы техника бар. Жоспар бойынша, бұл көпір екі жылдан соң пайдалануға берілуі тиіс.