Астанада сүт безі обырын ерте кезеңде анықтауға арналған FASEP пилоттық жобасының іске қосылуы өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жоба Францияның C3Medical компаниясымен бірлесіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының базасында жүзеге асырылып отыр. Бастама Франция үкіметі жанындағы дамушы елдерге қолдау көрсететін Француз әлеуметтік көмек қорының (FASEP) қолдауымен қолға алынған. Жобаның мақсаты – әйелдердің онкологиялық ауруларын, әсіресе сүт безі обырын ерте сатысында анықтау арқылы диагностика сапасын арттыру.
Жоба аясында үш медициналық мекемеге заманауи цифрлық маммограф орнатылды. Олар:
-
Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы,
-
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты,
-
Астана қаласындағы №7 қалалық емхана.
Жаңа жабдық 3D-томосинтез функциясымен жабдықталған. Бұл визуализация технологиясы тіндердің тығыздығы жоғары әйелдерде де обырды ерте кезеңде дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл аппарат жалған оң нәтижелер санын азайтып, науқастарға тиімді динамикалық бақылау жүргізуге жол ашады. Әйелдер денсаулығын жақсарту бағытында маңызды қадам жасап отырмыз, — деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Франция делегациясының сапары барысында.
FASEP жобасы Қазақстанда сүт безі обырына қарсы күресте халықаралық серіктестіктің нәтижелі үлгісі ретінде бағаланып отыр.