Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің брифинг алаңында аймақтағы ана мен бала өліміне қатысты сауалға жауап берді, деп жазады Egemen.kz.
Журналист өңір басшысынан соңғы аптада әлеуметтік желіде жарияланған перзентханадағы дауға қатысты істің мән-жайын сұрады.
Әкімнің айтуынша, дәрігер пара сұрады деп арыз жазған ана да, пациент жала жапты деген маман да арыздарын қайтып алған. Соған қарамастан, денсаулық сақтау мекемесінде тексеріс шаралары жүріп жатыр.
«Перзентханада қандай жүйелі проблемалар бар екенін анықтап, шара қабылдайтын боламыз. Қазіргі таңда тексерістің нәтижесін күтіп отырмыз», деп жауап берді Ербол Қарашөкеев.