1 желтоқсанда Алматыда күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды. Республикалық турнирде алғаш болып грек-рим күресінің спортшылары бозкілемге шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жарыстың алғашқы күнінде күтпеген оқиға болды. Еркін күрестен елге танымал балуан, екі мәрте Олимпиада қатысушысы Әлішер Ерғали грек-рим күресіне ауысып, сенсация жасады.
130 келі салмақта белдескен Ерғали жаңа стильдегі дебютінде-ақ финалға дейін жетті. Жартылай финалда ол осы салмақтағы ұлттық құраманың көшбасшысы Әлімхан Сыздықовпен кездесіп, 6:1 есебімен айқын жеңіске жетті.
Ертең финалда Әлішер Ерғали шымкенттік Жохар Узаровпен күш сынасады.
Әлішер Ерғалидің жетістігі:
- Туған күні: 1999 жылдың 12 сәуірі
- Туған жері: Жамбыл облысы
- Негізгі жетістіктері:
- Кадеттер арасында Азия чемпионатының финалисті (2016, 100 кг)
- Жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері (2018, 92 кг)
- Жастар әлем чемпионатының финалисті (2018, 92 кг)
- Екі дүркін Азия чемпионатының қола жүлдегері (2019, 2020 — 97 кг)
- Екі мәрте Азия чемпионатының финалисті (2021 — 97 кг, 2022 — 125 кг)
- U-23 жасқа дейінгі Азия чемпионы (2022, 125 кг)
- U-23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022, 125 кг)
- Қазақстан Республикасының спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері
- Екі Олимпиада ойындарының қатысушысы (2021, 2024 – 97 кг, 7-орын)
- 2023 жылғы Азия ойындарында 5-орын (97 кг)