Бұл туралы компания хабарлады.
"АзияАгроФуд" компаниясы ұн зауытындағы апатқа байланысты ресми мәлімдеме таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Алматы облысында орналасқан "АзияАгроФуд" АҚ құрама жем зауытында 23 мамыр күні орын алған қайғылы оқиға салдарынан әріптестеріміздің қаза тапқаны туралы ауыр күйзеліспен, қайғыра отырып хабарлаймыз. Бұл қасіретті жағдай компания үшін ауыр соққы болды. Біз қызметкерлерімізді ғана емес, ұжым арасында өз еңбегімен, адалдығымен және адами қасиеттерімен терең із қалдырған азаматтарымызды жоғалттық", — делінген компания таратқан ресми ақпаратта.
Кәсіпорын марқұмдардың отбасыларына корпоративтік бағдарламалар аясындағы сақтандыру төлемдерімен бірге, компания тарапынан қосымша материалдық көмек көрсететінін хабарлады. Бұдан бөлек жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға байланысты барлық шығындарды компания өз мойнына алатыны белгілі болды.
"Марқұм болған әріптестеріміздің артында қарыздық міндеттемелері болса, толық өтелетін болады. Әр отбасыға психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіліп, қажет болған жағдайда жеке қолдау ұйымдастырылады", — деп хабарлады "АзияАгроФуд" АҚ.
Айта кету керек, бұған дейін Алматы облысында ұн зауытында жарылыс болғанын жазғанбыз. Бір адам қайтыс болды, үш адам жансақтау бөліміне түсті.