Ақпарат желіде пайда болды.
Ролан Анатолы есімді жас қазақстандық велосипедпен Шымкенттен Меккеге дейін 49 күнде жетті. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ролан жолға 13 қазан күні шыққан. Ол 8 мың шақырым жолды велосипедпен өткен. Айтуынша, қасиетті Меккеге жету үшін Қазақстан – Ресей – Грузия – Армения – Иран – ОАЭ – Қатар – Сауд Арабиясы сияқты бағытты еңсерген.
"Аллаға мың да бір шүкір, Меккеге жеттім. Баршаларыңызға жұғысты болсын. Мен мақсат қойдым, әрекет жасадым. Мақсатыма жеттім", – делінген жазбада.
Бұған дейін Шымкент тұрғыны Меккеге не себепті велосипедпен барғанын түсіндірген болатын.
"Сапарымның мақсаты – құлшылық жасау. Бірақ та, жолдың бойында әсем табиғаттар бар, солардың барлығын көзіммен көріп, тамсанып барамын", – деді Ролан Анатолы.