Әлеуметтік желіде Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың туған әпкесі мас күйінде көлік жүргізгені үшін қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Облыс басшысы бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Telegram-дағы Kozachkow offside арнасында «Павлодар облысы әкімінің туған әпкесі мас күйінде рөлге отырғаны үшін ұсталды. Оған 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке қамау жазасы тағайындалды», деген жазба пайда болды.

Айта кетейік, бір ай бұрын Екібастұзда патрульдік полиция «Hyundai Tucson» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлік тізгіндеген әйелден алкоголь иісі шыққан. Жүргізушіні наркологиялық диспансерге жеткізіп, тексеру нәтижесінде жүргізушінің жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталған. Полиция қызметкерлері ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырған.

Сотта 53 жастағы әйел ешқайда жүрмегенін, тек тоңғандықтан көлікке отырып, жылынбақ болғанын айтқан. Алайда патрульдік полицейлер көлікті қозғалыс үстінде тоқтатқанын мәлімдеді. Сот полицейлердің хаттаманы негізді түрде толтырғанын анықтап, әйелді 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке қамау жазасын тағайындау туралы шешім шығарды.

Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов бұл оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді.

«Менің үлкен әпкемнің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына қатысты мынаны айта аламын: барлық азаматтар заң алдында тең. Менің әпкем де, отбасымыздың басқа мүшелері сияқты, бұл қағидаттан тыс емес», деп жазды ол threads әлеуметтік желісінде.