Президент Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласын дамыту үшін авиаотын мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін айтты.

Оның айтуынша, саладағы негізгі екі проблема – бағаның тым жоғары болуы және ішкі өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі.

"Алдағы үш жылда еліміздің ішкі өндірісін арттырып, импортты әртараптандыру қажет. Нарықта әділ және ақылға қонымды бәсекелестік болуы тиіс. Реттеу бойынша барлық өзгеріс кезең-кезеңімен жүргізіліп, отынды тұрақты жеткізуге кедергі келтірмеуі керек", – деді Президент.

Мемлекет басшысы авиация саласында ғылым мен зерттеулерді дамытудың маңызын атап өтіп, жұмыс істеп тұрған ұйымдар базасында авиация ғылыми-зерттеу институтын және авиаотынды сертификаттау зертханасын құруды ұсынды.

Сонымен қатар, Үкіметке монополияға қарсы органдармен бірлесіп, авиаотын бағасы мен жеткізуге қатысты мәселелерді жедел шешуге бағытталған кешенді шараларды қабылдау тапсырылды.