Алматының Түрксіб ауданында болған өрт салдарынан бес адам медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды ТЖМ-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, бүгін Алматы қаласындағы Жас Қанат шағынауданына қарасты Хасангалиұлы көшесіндегі өрт туралы хабарламадан кейін ТЖМ күштері оқиға орнына жіберілген.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген кезде жалпы аумағы 80 ш.м. болатын шаруашылық құрылысы мен алдын ала мәлімет бойынша дүкен өртеніп жатқаны анықталған.

Қабылданған жедел шаралардың арқасында өрт сөндіріліп, жалынның жақын маңдағы жеке тұрғын үйлерге таралуына жол берілмеген.

Өрт ошағынан 3 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылған. Өртті толық жою үшін шатыр құрылымы ашып су төгу жұмыстары жүргізілген.

Оқиға орнында ТЖМ-ның 31 қызметкері жұмыс істеген. Сондай-ақ 8 техника жұмылдырылған. Медициналық көмекке 5 адам жүгініп, барлығы қалалық ауруханаларға жеткізілген.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз