Қызылорда облысында Төтенше жағдайлар мен полиция департаменті бірлесіп «Газбаллон» акциясын өткізіп жатыр.

Өңірде биыл автокөлік өртінің саны былтырғымен салыстырғанда 9 пайызға көбейген. Сонымен қатар жылу беру маусымы басталғалы бері тұрғын үйлерде 32 өрт оқиғасы тіркелген. Акция аясында мамандар көлік жүргізушілеріне және газ құю бекеттерінің қызметкерлеріне сұйытылған газды қауіпсіз қолдану ережелерін түсіндіріп, жадынамалар таратуда. Тексеріс жеке тұрғын үйлерді де қамтыды. Қауіптің алдын алу мақсатында кейбір үйлерге табиғи газдың шығуын анықтайтын арнайы датчиктер тегін орнатылды.

Асхат Оразбеков, ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

- Осы жылы әлеуметтік осал топтарға 484 дана табиғи газды анықтайтын қондырғылар, датчиктер орнатылды. Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктер, жергілікті атқарушы орган тарапынан тағы да датчиктер алу бойынша жұмыстар жасалуда. Негізі 2019 жылдан бастап орнатылып келе жатыр. Осы күнге дейін 8 мыңға жауық датчик орнатылды.