Біздің ел де мұнайға иек артып отыр. Қара алтынның өндірісін еселеу – міндет. Жұмыс көлемі кезең-кезеңімен ұлғаяды. Мәселен, биыл 17 млн тоннадан астам мұнай өңдеу жоспары бар. Ең бастысы Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауыты салынатынын хабарлады.
Мұнай өңдеу көлемі артады
2040 жылға қарай Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі 40 млн тоннаға жетеді. Бұған сол кезеңде салынатын төртінші өңдеу зауыты ықпал етпек. Заманауи нысанның жылдық қуаты 10 млн тонна. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов биыл қара алтынды өңдеу көлемі шамамен 18 млн тоннаға жеткенін айтты. Үкімет жылдық қуатты кеңейте беруге мүдделі. Бұл үшін мұнай өңдеудің тұжырымдамасы бекітілді. Сәтін салса, 2040 жылға дейін 29 млн тонна мұнай өнімдерін шығара бастаймыз. Әзірге оның үлесі 2 есе аз. Жалпы мақсат орындалса, ішкі нарық отандық жанар-жағармаймен толық қамтылады. Сондай-ақ мұнай өнімдерін көршілес елдерге экспорттауға мүмкіндік туады.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Мұнай өңдеу саласын дамытудың тұжырымдамасына сәйкес 2025 – 2032 жылдар аралығында мұнай өңдеу көлемін жылына 18-ден 30 млн тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары басталды. 2040 жылға қарай заманауи отын-мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа үлкен сыйымдылықтағы ірі зауытты іске қосу және өңдеу қуатын 30-дан 40 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Бензин қоры жеткілікті
Биыл елде бензинге сұраныс 5,6 млн тонна болды. Ішкі өндірістен бөлек, қажетті жанармайды Ресейден импорттадық. Бұл шамамен 285 мың тонна өнім. Ал экспортқа мамыр айында тыйым салынды. Құзырлы министрлік: «осының нәтижесінде қор жеткілікті болады», – дейді. Мәселені шешу үшін Шымкент, Павлодар, Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты артты. Ал экспорт тоқтағанға дейін 14 мың тоннаға жуық бензин шетел асқан еді.
Мұнай-газ химиясы өркен жайды
Павлодар облысында алкилат өндіретін зауыт құрылысы басталды. Мұнда жылына 100 мың тонна экологиялық таза бензинге арналған жоғары октанды компонент өндіріледі. Кәсіпорын 2027 жылы іске қосылуы керек. Жобаға 35 млрд теңгеден астам инвестиция салынады. Энергетика министрі полиэтилен өндіру зауытының да құрылысы қарқынды екенін айтты. Бұдан бөлек бутадиен және карбамид өндірісін жобалау жүріп жатыр. Мұнай-газ химиясын дамытуға Мемлекет басшысы бастамашы болған. Қазір бұл бағытта арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол 1-ші және 2-ші қайта өңдеу жобаларын жеделдетуге, ал 3-ші және 4-ші қайта өңдеу жобалары үшін жаңа қолдау құралдарын құруға бағытталған. Жыл соңына дейін елдегі мұнай-химия өндірісі 589 млн тоннаға жетеді.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- «KPI», «Нефтехим Ltd. Компаниясы», «Шымкент химия компаниясы» және «Атырау мұнай өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері кәсіпорындары слайдта көрсетілген мұнай-химия өнімдерін шығарады. 2023 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 1,5 есеге арттып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 540 мың тоннаны құрады. Ағымдағы жылы 589,7 мың тоннаға дейін өсу жоспарланған.
Полипропилен өндірісі іске қосылады
Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында полипропилен өндірісі іске қосылды. Бұл туралы аймақ басшысы хабарлады. Осы арнайы экономикалық аймақ аясында мұнай химиясы, машина жасау, металлургия, құрылыс материалдары және жоғары технологияларға басымдық беріледі.
Авторы: Мерей Мұратханқызы