Атырау облысында шалғайдағы 43 ауылға 2027 жылға дейін талшықты оптикалық интернет желісі тартылады, деп хабарлайды 24KZ. Қазір «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 146 елді мекен сапалы ғаламтордың игілігін көріп отыр.

Ал тұрғындар саны 50-ге жетпейтін 14 елді мекен «OneWeb» спутниктік технологиясы арқылы кең жолақты интернетке қосылған. Республикалық маңызы бар автожолдарды байланыспен қамту үшін өңірде бес антенна-діңгек орнатылады. Қазір жоба сараптамадан сәтті өткен.

Аман Сұлтанов, Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:

- Атырау қаласы және Құлсары қаласында 5G технологиясын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 130-дан астам базалық станция қондырылды. Оның 10-ы Құлсары қаласында. Екеуі Тенгиз вахталық қалашығында қондырылып тұр. Халық санына алғанда 99,5% интернетпен қамтамасыз етіліп тұр.