"Хабар" телеарнасы танымал музыкалық жоба — "The Voice Қазақстанның" эфир уақыты өзгеретінін хабарлады. Көрермендердің көптеп жолдаған өтініштерін ескере отырып, 6 желтоқсаннан бастап шоу сенбі күні сағат 20:00-де көрсетілетін болды. Осылайша, бағдарлама демалыс күннің ең ыңғайлы уақытына ауысып, отбасымен бірге тамашалауға қолайлы жағдай жасалды.
Бұдан бөлек, жобаның маңызды кезеңдері алғаш рет тікелей эфирде өтпек. Алғашқы тікелей эфир 13 желтоқсанға белгіленген. "Хабар" телеарнасының директоры Ерлан Атамбай бұл өзгерістің аудитория сұрауына негізделгенін атап өтті.
"Біз көрерменнің пікіріне құлақ астық. 13 желтоқсаннан бастап жоба ерекше кезеңге өтеді – екі жартылай финал мен финал тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл жобаның шынайы өтуі үшін маңызды қадам", — деді ол.
"The Voice Қазақстан" – әлемге танымал музыкалық форматтың қазақша нұсқасы. Онда еліміздің түрлі өңірлерінен жиналған таланттар жұлдызды тәлімгерлермен бірге "көрмей тыңдаудан" бастап финалдық сахнаға дейінгі үлкен шығармашылық жолды жүріп өтеді.
Финалға аз уақыт қалды. Алда жобаның ең тартысты әрі шешуші шығарылымдары күтіп тұр. Жаңартылған эфир кестесі "Хабар" телеарнасының ресми сайтында қолжетімді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз