Талдықорғанда полицейлер жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде елемей келген 30 жастағы қала тұрғынын анықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
"Қауіпті жүргізуші" республикалық жедел алдын алу шарасы барысында анықталған жүргізуші қаңтар айынан бастап Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарындағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін 33 рет бұзғаны белгілі болды.
Ведомство мәліметінше, ол бірнеше мәрте жылдамдықты асырған, рұқсат етілмеген жерде көлігін қойған, бағдаршамның тыйым салу сигналына өткен және жол белгілерінің талаптарын сақтамаған. Әкімшілік заңнама талаптарын қамтамасыз ету мақсатында аталған көлік құралы айыппұл толық өтелгенге дейін арнайы тұраққа қойылды.
Қазіргі таңда жүргізушіге салынған айыппұл мөлшері 1 млн 57 мың теңгеден асқан.
Полиция қызметкерлері берешекті өндіру және қайталанған құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын жүргізуде. Құқық қорғау органдары жол қозғалысы ережелерін сақтау заң мен тәртіпті нығайтудың, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі екенін еске салады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз