Биылдан бастап халықаралық ғылыми жоба байқауларында үздік нәтижеге қол жеткізген оқушылар мен оларды дайындаған педагогтерге мемлекеттік бір реттік ақшалай сыйақы тағайындалады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, күні кеше президент қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң балалардың білім мен ғылымға қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды өзгерістерді қамтиды.
Заңға бойынша енді халықаралық беделді пәндік олимпиадалармен қатар халықаралық ғылыми байқауларда алтын медаль иеленген оқушылар 1500 АЕК-ке дейін, күміс медаль иегерлері 1000 АЕК, ал қола медаль алғандар 500 АЕК көлемінде мемлекеттік сыйақы алады.
Сонымен бірге оларды жарысқа дайындаған педагогтерге 26,5 базалық лауазымдық айлыққа дейінгі сыйақы тағайындалады.
Биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша 7 беделді халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы 27 медаль иеленген (4 алтын, 13 күміс, 10 қола). Оның қорытындысы бойынша 27 жеңімпаз оқушыға 94,3 млн теңге, ал 24 педагогқа 7,4 млн теңге төленген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз