Шерзат Болаттың өліміне байланысты қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша сот отырысында сол түнгі көлікте болған адамдардың арасындағы әңгіме жазылған аудио жазба тыңдалды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Аудиожазбада Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Нұрқияс Ілиясов, сондай-ақ Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдінің дауыстары анық естіледі. Жазбада олар орын алған оқиға жайында пікір алмасып, тіпті болашаққа қатысты жоспарларымен бөліскен.
Сотта айтылған дерекке сәйкес, сол түні Абзал Шынасыл полиция қызметкерлеріне хабарласудың мүмкін еместігін айтып, олардан қорықпайтынын білдірген.
«Бұл – жай ғана қарапайым полиция, қорқатын ештеңе жоқ», – деген оның сөздері аудиожазбадан анық естілген.
Сот барысында оқиғаға өзге де адамдардың қатысы болуы мүмкін екені айтылды. Алайда жауап алу кезінде Нұрқияс Ілиясов нақты ақпарат беруден жалтарып, адвокаттардың сауалдарына «білмеймін», «есімде жоқ», «түсіндіре алмаймын» деген қысқа жауаптармен шектелген.
Ал Абзал Шынасыл сотта көлікте болған жастарға «ештеңе көрмегенсіңдер» деп айтқанын мойындады.