Павлодарда ат спортына қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары табиғатқа шығып, атпен серуендеуді ұнатады. Қазақтың атқа міну дәстүрін насихаттайтын ат спорты клубы келешекте иппотерапияны да қолға алмақ.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Атқа мінудің пайдасын ата-балаларымыз ертеден-ақ білген. Ол адамға еркіндік сыйлайды, денсаулық тұрғысынан да өте пайдалы. Әсіресе физикалық қозғалыс азайған қазіргі заманда жүйкені тыныштандырып, көңіл-күйді жақсартады. Табиғатпен үндесуге де таптырмас мүмкіндік. Соңғы кезде қала тұрғындары арасында атты серуенді қалыпты демалысқа айналдырғандар қатары артқан.

Айгерім Абсаматова үшін желтоқсанның ызғары атқа мінуге кедергі емес. Желмен жарысқан тұлпарды тізгіндеген жасөспірім қыз жылқы малына әбден бауыр басқан.

Әйгерім Абсаматова, оқушы:

- Мен мұнда тамыз айынан бастап келемін. Тұмар деген өзімнің сүйікті тұлпарым бар. Оның мінезі қатты ұнайды. Өте сезімтал. Атқа мінуді жақсы меңгеріп алдым.

Ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген ағайынды жігіттер табыс табуды емес, халқымыздың атқа міну дәстүрін кеңінен насихаттауды мақсат еткен. Айтуларынша, жастар тарапынан қызығушылық өте жоғары.

Досжан Мұратбек, клуб жетекшісі:

- Ойлағанбыз қыс болған кезде, күн суытқан кезде адамдар азаяды деп. Жоқ, қазірдің өзінде сұраныс бар. Біз қазір таңғы аспен турлар ұйымдастырып жатырмыз. Балаларымен келіп жатады, фотосессия жасайтын адамдар бар және қазір енді ұзату, қандайда бір ерекше қазақи форматтағы іс-шараларға атпен видео түсіру, атпен шақыру жасау деген сияқты трендке келіп жатыр.

Ал кішкентай Ясмина сабақтан кейін жылқыларын көруге асығады. Бос уақытының көбін ол ағаларының жанында, ат қорада өткізеді. Қуыршақ ойнағаннан ат баптау оған әлдеқайда қызық. Шығыс жекпе-жегімен айналысатын қайсар қыз болашақта шабандоз болып, бәйгеге қатысуды армандайды.

Ясмина Қожанова, оқушы:

- Мен алты жасымнан бастап атқа міндім. Мені әкем атқа мінгізіп үйретті. Менің бірінші үйренген атым — Бағжан. Адамды тыңдайды, «шу» десе, шабады. Тоқтатқанда «дыр-дыр» деп жатса өзі тоқтайды. Мен оған сенемін. Демалыс кезде де, бос уақытта өзім келіп, тарап, тамақ беріп отырамын. Мектепте, үйде жай отырғанда, күресте болғанда сағынамын.

Атпен серуендеу күніне үш-төрт сағатқа созылады. Демалушылар үшін арнайы бағыттар әзірленген.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков