Бенинде, Батыс Африкадағы бұрынғы француз отарында, қарулы адамдар тобы жергілікті теледидардың тікелей эфирінде билікті өз қолына алғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Telegram-дағы "Осторожно, новости" арнасына сілтеме жасап.

БАҚ дерегінше, мемлекеттік телеарна эфирі кезінде өздерін "Қайта өркендеу жөніндегі әскери комитет" деп атаған әскерилер тобы президент Патрис Талонды қызметінен кетіргенін және мемлекеттік мекемелерді таратқанын жариялаған. Алайда AFP агенттігінің хабарлауынша, төңкеріс әрекетіне байланысты президент қауіпсіз жерде, армия жағдайды бақылауға алып, тәртіпті қалпына келтіру бағытында жұмыс істеп жатыр. Бениннің сыртқы істер министрі Олушегун Адеджаби Бакаридің айтуынша, бүгін таңертең аз ғана әскери топ төңкеріс жасауға талпыныс жасаған.

"Бұл – тек теледидарға ие шағын ғана топ. Үнемі қызмет ететін армия бақылауды қайта өз қолына алып жатыр. Астана мен ел толығымен қауіпсіз, президент пен оның отбасы да қауіпсіз жерде", – деп хабарлаған AFP агенттігіне әскери дереккөз.

Адеджабидің айтуынша, әскерилер тек мемлекеттік теледидарды бақылауға алып үлгерген.

Бенинде тәуелсіздік алған 1960 жылдан бері түрлі деректер бойынша 11-ден 13-ке дейін мемлекеттік төңкеріс болған. Осыған байланысты бұл ел тіпті Гиннестің рекордтар кітабына да енген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget