Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жол апаттарының саны күрт өсіп отыр.


ШҚО прокуратурасының мәліметінше, 2023 жылы өңір бойынша 443 жол апаты тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 847-ге жеткен. Ал осы жылдың басынан бері 1 093 жол-көлік оқиғасы болды. Кейінгі үш жылда 133 аса ауыр жол апатынан 180 адам көз жұмған.

Апаттардың 87%-ы жеңіл көлік жүргізушілерінің кінәсінен болады. Қаза болғандардың арасында 52 жүргізуші, 89 жолаушы, 34 жаяу жүргінші және 2 велосипедші бар. Оның ішіндегі бала саны – 22. Жолда 119 ер адам мен 58 әйел мерт болды. 94 ата-ананың қазасынан кейін 179 бала жетім қалды.

Жол апатының негізгі себептері:

– жылдамдықты рұқсат етілген шектен асыру;

– қарсы жолаққа шығу;

– маневр жасау ережелерін өрескел бұзу;

– жаяу жүргіншілерге жол бермеу;

– жүргізушілердің салғырттығы және т.б.

Сондай-ақ ішімдік ішіп рөлге отыратындар аз емес. 17 мас жүргізушінің кесірінен 21 адам, соның ішінде 1 бала көз жұмды. Бұл істер бойынша 59 адам сотталды. Биылдың өзінде мас күйде көлік жүргізген 1 160 жүргізуші жауапқа тартылып, оның 75-іне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

– Біздің мақсат – жолдағы заңбұзушылыққа мүлде төзбеу қағидатын қалыптастыру. Егер сіз тәртіп бұзушылықты көрсеңіз, бейжай қалмаңыз. Сол арқылы біреудің өмірін сақтап қалуыңыз мүмкін, – дейді ШҚО прокуратурасының қоғам мүддесін қорғау басқармасының аға прокуроры Рауан Сайранбекұлы.