Желіде "Атырау облысында аңға шыққан ер адам абайсызда оққа ұшып көз жұмды" деген ақпарат тарады. Облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"5-інен 6 желтоқсанға қараған түні Қызылқоға ауданында 36 жастағы адам абайсызда 39 жастағы серігін атып өлтірген. Оқиға түнгі сағат 02:30 шамасында Жасқайраттан 30 шақырым жердегі Аққора ауылының маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар аңға шығып, алкогольдік ішімдік ішкен. Қаруды қолданудағы қателік адам өліміне себеп болған", — делінген Instagram желісіндегі Atyrau_today_news парақшасында.

Атырау облыстық полиция департаменті өкілдерінің NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, Қызылқоға аудандық полиция бөлімі Аққора ауылы маңында болған адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

"Күдікті 36 жастағы адам қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кешенді тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде. Тергеу мақсатына байланысты басқа ақпарат жарияланбайды", — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз