Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды таңбалау және қадағалау қағидаларына өзгерістер әзірледі. Құжат 23 желтоқсанға дейін Ашық НҚА порталында қоғамдық талқылауда.

Жаңа түзетулер «Тауарларды таңбалау және қадағалау» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Министрлік елдегі дәрілік заттардың қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік беретін арнайы аумақтық бөлімшелер құруды жоспарлап отыр. Бұл логистикалық тізбектің әр нүктесінде препараттардың айналымын қадағалауды жеңілдетеді.

Сонымен бірге құрамында екі немесе одан да көп штрихкод болатын тасымалдау қаптамасын қалыптастыру мүмкіндігі ұсынылып отыр. Мұндай тәсіл сканерлеу кезіндегі техникалық қиындықтарды азайтып, нарық қатысушылары үшін үдерісті жеңілдетеді.

Министрлік жаңартылған таңбалау тетіктері сапасыз және жалған дәрілердің айналымын шектеуге, мемлекеттік бақылауды күшейтуге және фармацевтика нарығының ашықтығын арттыруға бағытталғанын атап өтті.