Әйел сот арқылы қызметке жұмсаған ақшасын қайта өндіре алды.


Қостанайда жергілікті тұрғын 1,2 млн теңгені қайтарып алды. Бұған салонның дерматокосметологиялық қызметтерді міндетті лицензиясыз көрсетуі және келісімшарт талаптарын орындамауы себеп болған, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.

Жазда әйел консультация мен бірқатар процедураларға келісімшарт жасап, оның толық құнын төлеген. Алайда күткен нәтижеге қол жеткізе алмаған соң, ол кәсіпкерге келісімшартты бұзып, ақшасын қайтаруды сұрап жүгінген.

Салон тұтынушының өтінішіне жауап бермегендіктен, әйел Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданған. Маман тез арада жағдайды тексеріп, кәсіпкердің талапты елемегенін растады. Осыдан кейін салонға әкімшілік жаза қолданылды. Департамент кәсіпкерге келісімшартты қайта қарап, тұтынушылардың құқықтарын бұзатын тармақтарды, соның ішінде ақша қайтаруға тыйым салатын ережені алып тастауды міндеттеді. Бұдан соң клиентке сотқа талап арыз беруге кеңес берілді.

"Сот талқылауы барысында салонның лицензиясыз қызмет көрсеткені анықталды. Мұндай қызмет түрлері медициналық қызметке жатады және міндетті рұқсатты талап етеді. Кәсіпкер тұтынушыға толық төленген 1,2 млн теңгені қайтаруға міндеттелді", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Елдегі кәсіпорындар 10,4 мыңнан астам жұмыскерге 2,6 млрд теңге жалақы төлемеген


Жыл басынан бері Қостанай облысының департаментіне тұрғындардан 1452 өтініш түскен. Маман­дар тұтынушыларға 62,7 млн теңгеден астам қаражатты қайтарып алуға көмектесті. Мемлекеттік бақылау аясында 73 тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде 16 кәсіпкерге ескерту, ал 44 заңбұзушыға жалпы сомасы 1,39 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.