Жуырда Макрон Қытайдан оралды.


Еуроодақ жақында Қытайға баж салығын енгізуі мүмкін. Бейжің сауда келіспеушіліктеріне байланысты жауап бермесе, тиісті шара қолданылады. Бұл туралы Франция президенті Эмманюэль Макрон Echos газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты РБК агенттігіне сілтеме жасап.

"Мен қытайлықтарға егер жауап болмаса, еуропалықтар жақын арада қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болатынын айттым. Мәселен, АҚШ-тың қытай өнімдеріне салған баж салығы сияқты шаралар болуы мүмкін", – деді Франция басшысы.

Оның айтуынша, Қытай Еуропадан тауарды өте аз импорттайды. Макрон бұл мәселені Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен талқылағанын жеткізді.

"Қытай Еуропаның өндірістік және инновациялық нарығына соққы жасап отыр. Бұл нарық тарихи тұрғыдан автомобиль өндірісіне негізделген", – деді Эмманюэль Макрон.

Басылымның хабарлауынша, Еуропа нарықтарына Қытай экспорты күрт өсті. Макрон АҚШ-тың протекционистік саясаты Еуропаның жағдайын одан әрі күрделендіріп жібергенін баса айтты. Салдарынан қытайлық тауар ағыны Еуропа нарықтарына кетіп жатыр. Оның сөзінше, Еуропа екі ортада қалып отыр.

"Біздің нарық бейімделіп келеді, бұл – ең нашар сценарий", – деді Франция президенті.

Өткен жылы Франция мен Қытай арасындағы тауар саудасының тапшылығы шамамен 47 млрд еуро болған. Ал Бейжіңнің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында Қытайдың Еуроодақпен саудадағы оң сальдосы шамамен 143 млрд долларға дейін өскен.

Жақында Макрон Қытайға жасаған мемлекеттік сапарынан оралған болатын.