Олардың саны соңғы 24 сағатта тағы 6 адамға көбейген.
Израиль армиясының Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан опат болғандардың жалпы саны 70 360-қа жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл – 2023 жылдың 8 қазанынан бері қайтыс болғандардың саны. Газа секторындағы Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы тәулікте ауруханаға 17 жаралы адам жеткізілген, сонымен қатар 6 палестиналықтың мәйіті әкелінген.
Келісім күшіне енгеннен кейін қаза тапқан палестиндіктер саны 373-ке жетіп отыр, жараланғандар саны 970 адамға жеткен. Үйінділер астынан 624 адамның денесі табылғаны хабарланды.
Еске салайық, 2023 жылдың қазанынан бері (Израиль Газа секторына шабуыл бастаған күні) жараланғандар 171 047 адамға дейін көбейген.
Дональд Трамп 9 қазан күні Израиль мен ХАМАС Мысырда өткен келіссөздер барысында Газадағы атысты тоқтатудың алғашқы кезеңін мақұлдағанын мәлім еткен еді. Қол қойылған келісім Израиль үкіметі растағаннан кейін 10 қазанда күшіне енді. Десе де, оған қарамастан, израиль армиясы әртүрлі себепті басшылыққа алып, соққы жасауды жалғастырып жатыр.
Бұған дейін Израильдің Газаға жасаған бірнеше шабуылы қанша адамның өмірін жалмағанын жазған едік.