Аудандық аурухананың бас дәрігеріне желіде жала жапқаны үшін жамбылдық тұрғынға 500 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жамбыл облыстық сотына сілтеме жасап.
Сарысу аудандық соты адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн көрінеу жалған мәліметтерді көпшiлiкке тарату фактісі бойынша істі қараған.
️Сотта айыпталушының Facebook желісіндегі парақшасында Т. есімді адаммен хат алмасуының скриншотын жариялағанын, онда аурухана әкімшілігіне, оның ішінде бас дәрігер К.-ға қатысты жала жабу сипатындағы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер қамтылғаны анықталған. Жазбада аурухана қызметкерлерінің іс-әрекетін теріс көрсетуге бағытталған мәлімдемелер, сондай-ақ медициналық ұйымның қызметіне байланысты негізсіз айыптаулар болған.
️Айыпталушы кінәсін мойындамай, теріс мәлімдемелер оған тиесілі емес екенін айтқан, бірақ ол хат алмасудың скриншоттарын жариялау фактісін растаған.
️Жәбірленуші – аудандық аурухананың бас дәрігері айыпталушының іс-әрекеті оның іскерлік беделіне, абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтіргенін, оған заңға сәйкес жаза тағайындауын сұрады.
️Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша жеке тұлғаға 180 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынады.
Сот айыпталушының кәмелетке толмаған алты баласының болуын ескере отырып, айыппұл мөлшерін 30 пайызға азайтты.
️Сот қаулысымен айыпталушы кінәлі деп танылып, оған 495 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды.
️ Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз