Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында оқиғадан кейін түсірілген видеотіркегіштен (видеорегистратордан) жаңа айғақтар ұсынылды. Жазбада күдіктілер Абзал Шынасыл мен Нұрқияс Ілиясовтың, сондай-ақ куәгерлер Дана Жақсыгельді мен Эльмира Нұрбекованың бейәдеп сөздер айтып, күліп, ән айтқан дауыстары жазылып қалған.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Видеода бұған дейін өзін шок жағдайында болғанын мәлімдеген Эльмира Нұрбекованың төбелес туралы сабырлы түрде айтып отырғаны естіледі.

Ол:

«Бір ер адам қосауыз мылтық алып шықты. Бірақ біздікі емес. Қазір ол шет жақта жатыр. Бізге қару кезеді, кейін адамдар қаша бастады. Екеуі жерде жатыр», — деді.

Айыпталушылар мылтықтың Шерзаттың ағасы — Нұрқанат Ғайыпбаевқа тиесілі екенін алға тартуда.

Бұған дейін негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл оқиға орнында түсірілген видео жазба өңделіп жіберілуі мүмкін екенін айтқан болатын.