Шымкентке деген қызығушылық та 89 пайызға артқан, бұл өсімге SCAT компаниясының Инчхоннан тікелей рейс іске қосуы ықпал еткен.
Қазақстан Оңтүстік Корея туристері үшін Орталық Азиядағы танымал бағыттардың біріне айналып келеді. Agoda цифрлық туристік платформасының мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанға деген қызығушылық өткен жылмен салыстырғанда 295 пайызға артқан.
Оңтүстіккореялық саяхатшылардың еліміз бойынша турлар мен орналастыру орындарын іздеу көрсеткіші биыл айтарлықтай өскені байқалады. Сарапшылар мұны екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасының кеңеюімен байланыстырады. Agoda деректерінде Алматы бағытының сұранысы Eastar Jet әуе компаниясының Инчхон-Алматы рейсін ашуынан кейін 348 пайызға ұлғайғаны көрсетілген. Шымкентке деген қызығушылық та 89 пайызға артқан, бұл өсімге SCAT компаниясының Инчхоннан тікелей рейс іске қосуы ықпал еткен. Air Astana да Сеул-Алматы және Сеул-Астана бағыттарында рейс жиілігін көбейткен.
Agoda компаниясының Солтүстік Азия бойынша аймақтық директоры Джей Ли оңтүстіккореялық туристердің жаңа әсер іздейтінін айтып өтті: "Біз оңтүстіккореялық саяхатшылардың шытырман, мәдениет және шынайылықты біріктіретін бағыттарға деген қызығушылықтары айқын артқанын аңғарамыз. Бұл ретте Орталық Азия қызығушылық деңгейі өсіп келе жатқан аймақ ретінде ерекшеленеді", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Силла патшалығынан сәнді Сеулге дейін: Кореяның төрт қаласынан фоторепортаж
Жалпы, оңтүстіккореялық туристердің Орталық Азия елдеріне деген қызығушылығы бір жыл ішінде 225 пайызға көбейген. Мұндай өсім аймаққа қатысты ақпараттың қолжетімді болуына, әуе қатынасының артуына және туристік инфрақұрылымның жақсаруына байланысты.
Kazakh Tourism да Корея нарығында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Биыл екі елдің ірі туристік компаниялары арасында ынтымақтастықты дамыту мақсатында В2В-кездесулер мен ақпараттық турлар ұйымдастырылған.