Түркістан облысында тойханада бұзақылық жасаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Оған бұрынғы келініне қол көтерді деген айып тағылды, деп хабарлайды Zakon.kz.


Сотта сотталушының 2025 жылы 31 тамызда, сағат 21:23 шамасында Төлеби ауданында орналасқан "Зағамбар" тойханасында бұрынғы келіні — жәбірленуші Т-ның тойда өлең айтып тұрғанын көріп, оған қатысты бұзақылық жасап, жәбірленушіге күш қолданғаны анықталды. Салдарынан жәбірленушінің мойны, білек және көкірек айналасы көгерген.

Аталған жарақат сараптама қорытындысына сәйкес жәбірленушінің денсаулығына қысқа мерзімді бұзылуына әкеліп соқпайтын, адам денсаулығына зиян келтірмейтін жарақаттар ретінде қарастырылған.

Прокурор сотталушыға бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жәбірленуші прокурордың ұстанымымен келісіп, сотталушыдан материалдық шығын ретінде 700 мың теңге және моральдық шығын 10 млн теңге өндіруді сұрады.

Сотталушы жалпы болған жәйтты жоққа шығармай, оған өкініп, тек тағылған айыппен келіспей, өзінің әрекетін ҚК-нің 109-1-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша саралап, айыппұл салуды сұрады.

Сот сотталушыға жаза тағайындау кезінде оның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайларға бұрын сотты болмағанын, жасаған ісіне өкінетінін таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

"Х-ға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 800 мың теңге моральдық зиян және 700 мың теңге өкілдік етуге жұмсалған шығын өндірілді". Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Астанада үш жасар қыз қайтыс болған жеке стоматологиялық клиниканың анестезиологы Аида Жұмағалиеваның ісі бойынша жаңа айыптау актісін толтыру үшін прокурордың өтініші бойынша сот отырысы кейінге қалдырылғанын жазғанбыз.