Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлікпен қаза тапқан екі қазақстандық жауынгердің сүйегі Қазақстанға тапсырылды. Рәсім Мәскеуде, Поклонная тауындағы Жеңіс мұражайында өтті. Ресей астанасына майдангерлердің туыстары да барды.
Әдетте, қаза тапқан жауынгерлердің жеке басы медальондары арқылы анықталады. Алайда бұл жолы Псков облысындағы жауынгерлерді олардың сақталып қалған наградалары бойынша таныды. Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Мұсахан Қалмұрзаев. Ол 1921 жылы дүниеге келген. Шаңғы батальонының автоматшысы болған. Қалмұрзаевтың жеке басын «Ерлігі үшін» медалі арқылы анықтады.
Дәурен Абаев, Қазақстан Республикасының Ресей федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Біз жауынгерлеріміздің сүйегін туған жерге шығарып салып жатырмыз. Олар – Балтық бойы майданының 1101 полкі, 326-шы дивизия, 67-ші әскерінің сержанты Байбұл Рахметов пен Қызыл Әскер сарбазы Мұсахан Қалмұрзаев. Көптеген жыл бойы олар із-түзсіз жоғалған болып есептелді. Алайда «Обелиск» және «Феникс» атты Псков іздестіру жасақтарының арқасында біз олардың тағдырының соңғы беттерін құрметпен жаба аламыз.
Екінші жауынгер Байбұл Рахметов 1917 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Танк зеңбірекшісі болып қызмет етті. «Ерлігі үшін» медалі және «Қызыл жұлдыз» ордені бойынша танылған. Бұл орденмен ол немістің «Тигр» танкісін атып қиратқаны үшін марапатталған. Жеке заттары оның жиеніне табысталды. Хасен Рахметов жауынгердің туыстары іздестіріліп жатқаны жөнінде хабарландыруды кездейсоқ көріп қалғанын айтады. Ол бірден ресейлік іздестіру жасақтарымен байланысқа шыққан.
Хасен Рахметов, Байбұл Рахметовтың жиені:
- Ендігі кезекте табытты туған жерге жеткізу міндеті тұр. Содан кейін арулап жерлеп, Құран бағыштаймыз.
Іс-шара барысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімі жасалды. Жақын арада олардың сүйектері әскери құрметпен жерлеу үшін Қазақстанға жеткізіледі.
Авторлары: Мөлдір Жақан, Наргиз Рахимжан, Олег Стопкин