Министрліктің мәліметінше, e-CMR жүйесіне қосылу құжат айналымын жеделдетіп, тасымалдау процестерінің ашықтығын арттырады.


Үкіметтің бүгінгі отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстанның халықаралық электронды тауар-көлік жүк құжаттары жүйесін енгізу мақсатында тиісті конвенцияға қосылатынын мәлімдеді.

Министр елдегі автокөлікпен жүк тасымалы көлемінің өсіп отырғанын атап өтті. Оның мәліметінше, автокөлік арқылы тасымалданған жүк мөлшері 288 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға артқан. Сондай-ақ автоматтандырылған өлшеу станцияларының енгізілуі бюджетке түсетін түсімнің 10 есеге көбейгенін айтты.

Сауранбаевтың сөзінше, Қазақстан автокөлікпен жүкті 42 елмен тасымалдап отыр. Өткен жылы Қытай және Өзбекстанмен шетелдік рұқсат бланктері қағаз форматынан электрондық жүйеге ауыстырылған. Қазіргі уақытта Әзербайжанның ақпараттық жүйесімен біріктіру бағытында техникалық жұмыс жүргізілуде. Министр алдағы кезеңде Түркия және Қырғызстанмен де осы бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді.


Оқи отырыңыз: Қырғызстан қант экспортын жарты жылға тоқтатты


Ол бұл бағыттағы цифрландыру шаралары Қазақстанның жүк тасымалы нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Министрдің айтуынша, ел ішінде тасымалдауға арналған ақпараттық жүйе енгізілген және оның құқықтық базасы келесі жылдан бастап күшіне енеді.

"Ел ішінде тасымалдауға қатысты жүйе енгізілді. Оның заңнамалық талаптары келесі жылдан бастап күшіне енеді. Халықаралық тасымалдауда e-CMR (халықаралық электронды тауар-көлік жүк құжаттарын) қолдану үшін Халықаралық конвенцияға қосылу мәселесі пысықталып жатыр. Одан кейін көрші елдермен Ұлттық шлюз арқылы интеграциялық жұмыстар бастауды жоспарланған", – деді ведомство басшысы.

Министрліктің мәліметінше, e-CMR жүйесіне қосылу құжат айналымын жеделдетіп, тасымалдау процестерінің ашықтығын арттырады және шекаралық рәсімдерді жеңілдетеді деп күтіледі.