Бас директор жобаларды қаржыландыруға жәрдем көрсету үшін ақша алған.


Қытайда China Huarong International Holdings инвестициялық компаниясының бұрынғы бас директоры Бай Тяньхуэйге қатысты өлім жазасы орындалды. Ол 156 млн доллардан асатын көлемде пара алғаны үшін жазаланған, деп хабарлады ҚХР Орталық теледидары.

2024 жылы Тяньцзинь қаласының Екінші орта халық соты Бай Тяньхуэйді өлім жазасына, саяси құқықтарынан айыруға және барлық мүлкін тәркілеуге үкім еткен. Компанияның бұрынғы басшысы бұл шешімге шағым түсірген, алайда 24 ақпанда қалалық Жоғарғы халық соты оның апелляциясын қанағаттандырмай, үкімді күшінде қалдырды. Кейін бұл шешімді ҚХР-дың Жоғарғы халық соты да бекіткен.


Оқи отырыңыз: 2027 жылы алғашқы пилотсыз жүк көліктері іске қосылмақ


Тергеу деректеріне сәйкес, 2014-2018 жылдары Тяньхуэй China Huarong International Holdings компаниясындағы лауазымдық өкілеттіктерін пайдаланып, жобаларды іске асыру мен компанияларды қаржыландыру кезінде заңсыз пайда алу үшін пара алған. Оның алған парасының жалпы көлемі 1,108 млрд юаньнан (шамамен 156 млн доллар) асқан. Сот мұны мемлекет пен қоғамға зор зиян келтірген аса ауыр қылмыс деп бағалаған.

Сот шешіміне сәйкес, өлім жазасы бүгін, 9 желтоқсан күні таңертең орындалды.