Ұзақ уақыт бойы мұнай мен газ шикізатының көзі ретінде саналып келген Таяу Шығыс бүгінде күрделі технологиялық төңкерісті бастан кешіп жатыр. Аймақта орналасқан түрлі елде заманауи инженерлік шешімдер, инженерлік инфрақұрылымдар және “жасыл” технологиялар маңызды саналатын жаңа экономикалық модель қалыптасуда.
Мұның жарқын мысалы ретінде Оман елін алуға болады. Бұл ел қайта қалпына келетін энергетиканы белсенді түрде дамытып, күнге байланысты жобаларға инвестиция жасап жатыр. Солардың ішіндегі айтуға тұрарлық жобалардың бірі – қуаттылығы 500 МВт болатын Ibri 2 күн электр станциясы. Сонымен бірге Оманда сутегі энергетикасын дамыту мен технологиялық кластерлер салу секілді бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Маскатта IT-бизнес, стартаптар мен мемлекеттік секторды цифрландыру саласындағы жобаларды қолдайтын Knowledge Oasis Muscat технопаркі жұмыс істейді. Осылайша Оман экономиканы диверсификация жасап, тұрақты даму құралы ретінде технологияларды пайдалануға ұмтылады.
Иордания да энергетика мен ресурстарды басқару салаларында технологиялық шешімдерге басымдық беріп отыр. Мұнда қуаттылығы 200 МВт болатын елдегі ең ірі, ұлттық жүйеде жасыл энергияның едәуір бөлігін қамтамасыз етіп отырған Baynouna электр станциясы бар. Тағы бір маңызды жоба – Иорданиядағы ең басты проблемалардың бірі саналатын тұщы су жетіспеушілігін шешуге бағытталған Акабадағы тұщыландыру станциясы (Jordan Desalination Plant). Бұл бастамалардан табиғи ресурстары шектеулі елдердің өзі технологиялық даму орталығына айнала алатынын көруге болады.
Бұл ретте БАӘ-дегі ADNOC компаниясы кен орындарын игеруге арналған кешенді AI-жүйелерін енгізіп жатыр.
Басты шешімдердің бірі – RoboWell. Ол NASR теңіз кен орнындағы әлемдегі тұңғыш мұнай ұңғымасын автономды басқару жүйесі. Оның алгоритмдері ұңғыма жұмысын өз бетінше реттеп, деректерді шынайы уақыт аясында талдайды және кен өндірісінің тиімділігін арттырады. Одан бөлек ADNOC бұдан да ірі цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Екі мыңнан астам ұңғыманы орталықтандырылған мониторинг және ЖИ-басқару жүйелеріне қосуды жоспарлап отыр.
Таяу Шығыста технологиялардың даму процесі әлемдегі таза энергияға, жаңа стандартар мен заманауи өнеркәсіпке көшу секілді әлемдік үрдістердің ықпалымен және ірі инвестициялардың арқасында қатар келеді. Аймақ елдері болашақ экономикасының негізін ақылды жүйелер мен ғылыми жаңалықтар арқылы құра отырып, ауқымды жобалар мен алдыңғы қатарлы шешімдер енгізуде.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз