Бүгінде бүкіл ақылы жолдардың шамамен 350 шақырымында ақаулар анықталды.
Қазақстанда ақаулар анықталған бірқатар ақылы жол учаскелері уақытша тегін режимге ауыстырылады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, арнайы жұмыс тобы ақылы автожолдардың жағдайын толық тексеріп шыққан.
"Бүгінде бүкіл ақылы жолдардың шамамен 350 шақырымында ақаулар анықталды. Аталған тізім өкілетті орган – Автомобиль жолдары комитетіне жіберілді. Қазіргі уақытта үйлестіру жұмысы жүргізіліп жатыр, тиісті бұйрық шығарылады. Ол жайында қосымша хабарлаймыз", – деді Иманашев.
Оқи отырыңыз: 2026 жылы әлемдегі әуе компанияларының таза табыстылығы 3,9 пайызға жетеді – IATA
Компания басшысы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2 000 шақырымдық ақылы жолдар желісінің шамамен 350 шақырымы уақытша ақысыз болатынын атап өтті. Бұл учаскелерде жөндеу жұмыстары жүргізілгенге дейін төлем алынбайды.
"Алдағы құрылыс маусымында аталған учаскелерде жөндеу жұмыстары жүргізу көзделіп отырғанын тағы да қайталап айтқым келеді. Пайдалануға берілгеннен кейін аталған учаскелерден ақы қайтадан алынатын болады", – деді "ҚазАвтоЖол" басшысы.
Ведомствоның мәліметінше, ақаулар негізінен жол жамылғысының бұзылуына, тегістік стандарттарының сақталмауына және қауіпсіздік элементтерінің талапқа сай еместігіне байланысты анықталған. Тиісті тексерістер аяқталғаннан кейін ресми тізім жарияланады.