БҰҰ-ның Женевадағы Ұлттар сарайында «Қазақстан» залы қайта ашылды.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен салтанатты рәсімге дипломатиялық миссиялардың басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен қазақ диаспорасы қатысты. Іс-шараның құрметті қонағы – Халықаралық көші-қон ұйымының Жаһандық ізгі ниет елшісі, белгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген болды.
Бұл зал 2013 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары әрі Женева бөлімшесінің бас директоры болып қызмет еткен кезінде бастамасымен ашылған. Ұлттар сарайын жаңарту жұмыстарынан кейін қонақтарды қайта қабылдап отыр. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Женева бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валовая Қазақстанның ұйымдағы ізгі рөлін атап өтті.
Татьяна Валовая, БҰҰ Женева бөлімшесінің бас директоры:
- Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігіне және осы іске атсалысқан баршаға ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – заманауи техникамен жабдықталған, сонымен қатар Ұйым мен Қазақстанның мұрасын сақтап тұрған зал. 34 жыл ішінде Қазақстан өзін Біріккен Ұлттар Ұйымының сенімді серіктесі ретінде танытып, оның қарусыздану, тұрақты дамуды ілгерілету, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісі сынды маңызды бағыттарында айтарлықтай рөл атқарып келеді.
«Қазақстан» залы – еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымына жасаған ерекше тартуы. Мұндағы негізгі безендіру элементтері – суретші Бәтима Заурбекованың қолымен тоқылған гобелендері. Салтанатты іс-шараның құрметті қонақтарының бірі – Димаш Құдайберген. Халықаралық көші-қон ұйымының Жаһандық ізгі ниет елшісі ретінде ол бейбітшілік идеясын және БҰҰ құндылықтарын көпмиллиондық аудиториясына жеткізу – өзінің басты миссияларының бірі екенін атап өтті.
Угочи Дэниелс, Халықаралық көші-қон ұйымы бас директорының орынбасары:
- Бүгін – Халықаралық көші-қон ұйымы үшін маңызды күн. Біз Димаш Құдайбергенді Жаһандық ізгі ниет елшісі ретінде сайлап, «Қазақстан» залының қайта ашылуын тамашаладық. Бұл – Қазақстанға және Димаштың гуманитарлық еңбегіне деген алғысымызды білдіруге үлкен мүмкіндік.
Зал синхронды аударма, кино көрсетуге арналған техникамен жабдықталған. Женевадағы Ұлттар сарайында жыл сайын жүздеген конференция, келіссөздер мен халықаралық кездесулер өтеді. Сонымен бірге халықаралық ұйым ғимаратын жылына 100 мыңнан аса турист тамашалайды.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан