Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифинг барысында қызметінен кеткенін мәлімдеді. Қызметінен кету себебін айтқан жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бұл аяқ астынан қабылданған шешім емес, бұл – менің жеке шешімім. Сегіз жыл бойы осы мінберден ақпарат беріп келемін… Біз бір команда болып, қыста да, жазда да, ыстықта да, суықта да бірге жұмыс істедік. Осы жылдар ішінде еліміз сыртқы саясатта көптеген кезеңдерден өтті, талай мәселе болды. Ал Қазақстан туралы бүкіл әлемнің хабардар болуы – сіздердің еңбектеріңіздің арқасы», деді А.Смадияров брифингте.
Ол сондай-ақ журналистерге жекеменшік компанияға жұмысқа ауысатынын айтты.
Смадияров СІМ баспасөз хатшысы қызметіне 2018 жылы тағайындалды, бір жылдан кейін Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары болды, ал 2023 жылдың маусымынан бері СІМ коммуникациялар департаментінің директоры қызметін атқарды.
2025 жылғы ақпаннан бастап ол Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы және сыртқы саяси ведомствоның ресми өкілі қызметін атқарған.
Бұған дейін ол СІМ жүйесінде он жылдан астам жұмыс істеді, оның ішінде Қазақстанның Венгрия мен Вьетнамдағы елшіліктерінде қызмет атқарған. II санаттағы кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар.
Айбек Смадияров 1983 жылдың 7 шілдесінде (42 жаста) Алматы қаласында дүниеге келген. Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-ді «құжаттанушы/халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған, Қазақстан мен Түркия СІМ-дерінің біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін жетік меңгерген.
Қызметтік жылдары ішінде ол «Дипломатиялық қызметке 25 жыл», «Дипломатиялық қызметке 30 жыл» медальдарымен, сондай-ақ «Жылдың үздік баспасөз хатшысы» және «Мемлекеттік органдар арасындағы үздік баспасөз қызметі» (2022, 2023) төсбелгілерімен марапатталған.