Ел ішінде де, сыртқы нарықта да отандық IT өнімдер мен бұл қызметке сұраныс артты. Келер жылы экспорт 1 млрд долларды қамтиды. «Стартаптардың келешегі зор» дейді мамандар.
Отандық айти жобалардың көбі Astana Hub алаңында пайда болады. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық кластер. Бүгінде Astana Hub-та 1900-ден астам IT-компания тіркелген. Оның басым бөлігі Қазақстанға тиесілі. 500-ге тарта қатысушы өз өнімі мен қызметін экспортқа шығарып отыр. Оның 218-і – жергілікті, қалғаны шетелдік инвесторлар демеген компаниялар. Экспорт көлемінің 75 пайызын осылар қамтиды. Astana Hub қатысушылары 90-нан аса мемлекетке үлкен деректерді талдау платформалары, GovTech-шешімдер, сондай-ақ қаржы секторындағы өнімдерді сатады.
Ал импорттаушылар көшін АҚШ бастап тұр. Мұнда 157 млн доллардың, ал Ресейге 124, Ирландияға 26 млн доллардың өнімі жөнелтілді. Тізімді Кипр, Мексика т.б. жалғайды.
Ақжол Замбаев, Weglobal AI жобасының директоры:
- Мықты-мықты стартаптар дамып жатыр. Higgsfield сияқты млрд доллардан асқан стартап бар. Олар Америкаға, шетелге сатып жатыр. Басқа да стартаптар бар олардың құрастырушылары Қазақстанда орналасқан болуы мүмкін. Сату бөлімі ғана шетелде болады.
IT өнімдер нарығы кеңейіп келеді
2026 жылы елдегі айти қызметтер экспорты 1 млрд долларға жету керек. Мақсат айқын. Қазір отандық стартаперлер қоғамға пайдалы, әлеуеті зор жобаларын ұсынып-ақ жатыр. Дегенмен инфрақұрылымды жетілдіре түсу керек. Сарапшылар: «Жаһанда бәсекелесе алатын буын қалыптастыру маңызды», — дейді. Жергілікті айти компаниялар өзге нарықтарды зерделеп жүр. Халықаралық келісімшарт үшін бар күшін салады. Соның нәтижесі болар, 2021 жылы нарық 60 млн доллардың көлемінде ғана болса, биыл 800 млн доллардан асты.
Отандық IT өнімдерге қызығушылық көп
Ең бастысы — дайын жобаларға да, ұсыныстарға қызығатындар көп. Мәселен, мектептерде психологтар мен кәсіби бағдар берушілердің жұмысын оңтайландыруға бағытталған жасанды интеллект негізіндегі құралға Өзбекстан мен Сауд Арабиясы назар аударған. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Сәтін салса, отандық айти өнім жаһандық нарыққа шығады. Мамандар мұндай мүмкіндікке жету үшін жаңа стартаперлерге әр елден жергілікті серіктес табуға кеңес береді. Астана хаб та АҚШ, Ұлыбритания, БАӘ, Қытайда инновациялық хабтар құрған. Мақсат – отандық айти компаниялардың жаһандық нарықтағы беделін арттыру.
Ақжол Замбаев, Weglobal AІ жобасының директоры:
- Қазақстандық шешімдер көбінесе басқа елге енгізген кезде ол жақта локализация ету керек болады. Тілін ауыстыру немесе сол мемлекеттің талабына қарай серверлерді өзгерту деген сияқты. Бұл процестерді жасау үшін ең дұрысы сол жергілікті серіктестерді тауып, солармен бірге жұмыс жасау, яғни Қазақстанда бас кеңсе болуы мүмкін. Ал шетелде еншілес ұйым ашып, сол жақтағы серіктестермен масштабқа өту — бизнестің ең тиімді және жеңіл түрі.
IT компанияларға қолдау бар
Экспортты арттыру үшін инновациялық экожүйені жетілдіру керек. Құзырлы министрлік бұл бағытта жыл сайын 4,6 млрд теңгеден бөліп отыр. Оған 2027 жылға дейін инновациялық грант беру, әлеуетті инвестор табуға көмектесу, жобаларды коммерцияландыру сияқты міндеттер орындалады. Ал отандық айти өнімдер саладағы импортты азайтуға мүмкіндік бермек.